ДІН МЕН ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТЫҢ АҚИДАСЫ (кітап)
ДІН МЕН ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТЫҢ АҚИДАСЫ (кітап)

Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан діні – Ислам, шариғаттағы іс-амал мазһабы – ұлы имам Әбу Ханифаның мазһабы. Ал діни дүниетанымдық ұстанымы Исламның негізгі қайнар бұлақтары – Құран мен Пайғамбардың (с.а.с) сүннетіне негізделген Сүннет және жамағат жұрты, оның ішінде Әбу Мансұр әл-Матуридидің мектебі болып табылады. Қазақ халқының да ұлттық бет-бейнесі, ділі мен тілі осы идеологиялық мектептің негізінде қалыптасты. Оған айғақ боларлық айшықты дәлелдер жетіп-артылады. 

Бұхар жыраудан бастап Абай, Шәкәрімге дейінгі ойшылдар мен ақындардың мұраларынан нағыз мұсылмандықтың үлгісін көреміз. Мысалы, Абылай ханның ақылшы абызы Бұхар жырау (1668-1781):
Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас! – деп Құдай деген құлдың медетсіз қалмасына нық сенімді екендігін білдірсе, ал кейінгі ғасырларда ғұмыр кешкен Мәшһүр Жүсіп таухид іліміндегі иләһи сипаттарды жалпақ жұрттың құлағына үйреншікті өлең жолдарымен былайша өрнектеген:

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,
Боларға басқа басқа бөлектенбес.
Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,
Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.
Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,
Мекенін бір Алланың ешкім білмес.
Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,
Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам
Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес,

 

Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам
Алды-арты, асты-үсті, оң-солы жоқ,
Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.
Еш нәрсеге ұқсамайды Ол, еш нәрсеге,
Кітаптың айтқанынан ойлама көп.


Бұл жерде Мәшһүр Жүсіп «Мекенін бір Алланың ешкім білмес» деп Жаратқанның кеңістіктен орын алмайтындығын, жаратылыс сияқты мекені болмайтындығын меңзеп тұр. Бұл Құдай Тағаланың Құран Кәрімде айтылған сипатымен дөп келеді.

Алла Тағала былай дейді: «Оған (Аллаға) ұқсас ештеңе жоқ! Әрі Ол – Естуші һәм Көруші!» (Шура, 11).

Жаратқан Ие былай дейді: «Ақиқатында, Алла әлемдерге мұқтаж емес» (Әл Имран, 97).

Сондай-ақ, қазақтың данасы Абай Құнанбайұлы да қазақтың Тәңір туралы танымдық тұжырымын қара өлеңмен өрнектейді:

Мекен берген, халық қылған Ол – лә мәкән,
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Ақындар мен оқымыстылары анықтап берген Құдай Тағала туралы қазақтың ұстанымы Сүннет пен жамағат жұртының ұстанымымен бір. Оның ішінде әл-Матуриди мектебінің ізбасарлары екендігін білдіреді. Мысалы, ғұлама ат-Тахауидің мұсылманның наным қағидаларын тұжырымдап берген еңбегінде былай делінеді.

«Алла шекаралардан, шектерден, тіректерден, мүшелерден, құралдардан асқақ, Оны жаратылған нәрселер сияқты алты жақ қамтымайды».

Түсіндірмесі: «Алла Тағала уақыт, кеңістік, өлшемдерге мұқтаж емес. Өйткені ол материя емес. Ол ұғымдарды, құбылыстар мен заттарды, заңдылықтарды жаратқан. Ал Өзі ол жаратылыстарға, заңдылықтарға бағынбайды. Алла Тағала ондай жаратылыстық қасиеттерден пәк. Дүниедегі нәрселердің барлығы белгілі бір кеңістікте мекен, орын алып орналасқан. Олардың асты мен үсті, алды мен арты, оңы мен солы бар. Жаны барлардың жүретін тіректері, яғни аяқтары, сезетін мүшелері, ұстайтын қолдары болады. Бұл жаратылғандардың сипаты. Ал Алла Тағала ондай сипаттардан ада. Жаратқанға жаратылыстың қасиетін таңған адам күпірлік келтіреді».

Тәңірден тіле тілекті


Қазақ халқы тілек-қажетін бір Құдай Тағаладан сұраған. Дұғасының қабыл болуы үшін тәуәссүл жолдарына жүгінген. Басты тілек Құдайдың қаһарына ұшырамау деп түсінген қоғам Жаратқаннан сұрап, Оған тәуекел еткен жан түбінде мақұрым қалмайды деп иланған. Мысалы, Бұхар жырау былай дейді:

Алла деген ар болмас,
Алла деген пенделер,
Еш нәрсеге зар болмас.

Сонымен бірге халық жадында сақталған оралымдар, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер қазақтың Құдайшыл ел болғандығын білдіреді. Мысалы, тілекке тек Тәңірдің жауап беретіндігін мынадай мақал-мәтелдермен білдірген. «Құдайдан сұрасаң, кешірер, кісіден сұрасаң, үніңді өшірер». «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады». «Құдайға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады». «Алла деп барсаң аман келерсің».

Мұндай сөздер шынайы мұсылман танымының болғандығын дәлелдейді. Қасиетті аят-хадистерде тілекті бір Алладан ғана тілеу керектігі баса айтылған.

Бірде бір кісі Пайғамбарға (ﷺ) келіп: «Уа, Расулалла! Раббымыз жасырын дұға қыларлықтай жақын ба, әлде дауыстап шақырарлықтай алыс па?» – деп сұрайды. Пайғамбар (ﷺ) үндемей қалады. Көп ұзамай Алла Тағаладан жауап ретінде мына аят түседі: «Егер сенен пенделерім Мен жайында сұраса, Мен жақынмын, дұға етуші Маған қайырылса, дұғасына жауап беремін. Сондықтан да Маған (жолдауыма) жауап қатсын, Маған иман келтірсін. Сонда тура жол табар»33.

Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Пайғамбардың (ﷺ) артында келе жатқанда Ол (ﷺ) маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы (тіліңде, жүрегіңде) сақта, сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып, саған бір пайда келтірмек болса да, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни тағдыр тақтасына бәрі жазылды)», – деді.

Пайғамбар (ﷺ) егер құлдары ықыласпен тілек тілесе, Құдай Тағаланың олардың тілектерін жауапсыз қалдырмайтындығы туралы айтқан.

Салман Фарисиден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (ﷺ): «Ақиқатында, Раббыларың ұят Иесі және Жомарт, пендесі Өзіне екі қолын көтеріп дұға қылғанда ештеңесіз қайтарудан ұялады», – деген.

Ғаламдардың Иесі Хақ Тағала Өзі ғана жасайтын істі жаратылыстан сұраған пендесіне ашуланады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (ﷺ): «Алла Өзінен сұрамаған жанға ашуланады», – деген. Осы хадистің мағынасын бір шайыр мынадай шумақтармен айшықтаған екен.

Сұрамағын пендеден, жағарсың кейде жақпассың,
Тілекті тіле Құдайдан айқара ашқан қақпасын.
Ашуландырар Алланы Өзінен тілеуді тәрк етпек,
Ал адамнан сұрасаң, сараңданар, шарт кетпек.

«Дін мен дәстүр» кітабынан алынды.

Кітапты жүктеу үшін басыңыз

дәстүр, ақида, дін мен дәстүр, қазақтың ақидасы, дәстүрдің озығы
Достықбек АдалбекДостықбек Адалбек
10 жыл бұрын 8503
1 пікір
  • ҚМДБ дін мен дәстүр жылы көптеген шаралар атқарды. Оны 2018 жылға дейін созу жоспарда бар екен. Алла істеріне береке берсін!
    10 жыл бұрын
Блог туралы