"Ал, қане "дәмнен" алыңыз!..
"Ал, қане "дәмнен" алыңыз!..

Авторы: Мұхитдин Исаұлы

Құдай Тағала пендесінің жасаған жамандығын есепке алады. Жүрегіндегі іске асырмаған жамандығын есепке алмайды. Бірақ жақсы пейілін есепке алады. Әуел баста Пайғамбарымызға (ﷺ): «Жаман ойларыңды да есеп алады» деген аят түседі. Сонда сахабалар күндіз күлкіден түнде ұйқыдан айырылады.
Иә, қай пенденің ойынан не кетіп, не өтпейді десеңізші! Кейде шайтан жымысқыланып келіп сана-түңліктен жаман бір ойды тастай салады. Пенде байқұс құптап кеп жіберсе халі мүшкіл. Әйткенмен кейіннен Алладан аян-хабар келіп үкім өзгеріп «пендеге көтере алмайтын жүк берілмейді» деген аят түсіп күллі сахаба өмірге жаңа келгендей болады. Әйтсе де жарықтық Жаратқан Иеміз мұны тегіннен тегін түсірсін бе?! Біз білмес сан талай даналық хикметтерге толы ғой. Соның бірі шамасы мынау болса керек. Пенде жарықтық абайламай пейілінен жаман ойлар өткеріп алса сосын соған машықтанып алса бірте-бірте сол амалға айналмақ. Алмаға түскен құрт тәрізді жүрекке түскен сол құрт-ойлар іштей жеп бітіп, көңілдің күндердің бір күні қаңқасы қалмақ. Сонда сол байқұс пенденің өзгермегенде несі қалды? Әз пайғамбардың (ﷺ): «Пенденің бойында бір қара кесек ет бар. Сол шірісе күллі дене шіриді» дегені де осы болса керек.
Е, дегенмен біз пенделердің ойынан нелер өтпейді. Бірақ амалдың жотасына асырмаған соң тас астында қалып сарғайған шырмауықтай шырмасып іште қалып жатады. Айналайын Алла Тағала да рақым етеді. Дегенмен біздей күнде жығылып жүрген бәнделерге кешірім болғанмен әулиелерге бұл оңайға соқпақ емес. 
Сонау бір ықылым заманда Жүнейд деген әулие ғұмыр кешкен. Жарықтықтың әулиелігі көп болса керек. Ел оны бір көруді мақтан тұтыпты. Сол әулие жарықтық бір күні жұма күні мешітте Құдайға құлай құлшылық қылып жатса шамасы жасы отыздың ар жақ бер жағы болса керек бір диуана-дәруіш жігіт кіріп келіпті. Алақанын жайып мешітте бірі Құран, бірі тәспі қайтарып отырған мұсылман жұртшылықтан қайыр тілейді. Әлгі әулие мұны ұзақтан байқап отырып іштей: «Алда, байқұсым-ай! Зіңгіттей темір үзетін жігіт бола тұра өз қолы өзіне жетпегені ме? Қайран дүние! Неге сонша кейбір бәндә-адамдар ел алдында өз абыройын түсіріп, қор қылады екен сонша?!» - дейді. Содан азан шақырылып, қамат та айтылып имам құтпаға, артынан намазға тұрып, көп кешікпей дұға қылысып бір-біріне амандық тілесіп мешіттен тарқайды. Елмен бірге әлгі әулие де үйіне қайтады. Құптан намазынан соң түнде тұрмаққа ниеттеніп жастыққа бас қояды. Ұйқыға терең батқанда тура өңіндегідей бір түс көреді. Түсінде оған бір беті жабық табақ тартылып алдына қойылып «Мынаны же!» деп айтылады. Жүнейд алдына келген табақтың бетінгі шүберекті алып қараса табақта күндіз мешітте елге алақан жайып жүрген жігіттің асқан малдың жас етіндей қайнатылып пісіп тұрғанын көреді. Әулие тұла бойы түршігіп, денесінен бірден шып-шып сұп-суық тер шығып қолын қағып, кейін шегінеді. Тура астаудан үркіген аттай болады. «Жо-жоқ, мен мұны жей алмаймын, бұл арам ас, арам» - деп дауыстап қанша ышқынса да оны жеуге мәжбүрлеп: «Қалайша жемей қалдың? Кеше ғана мешітте балдай жеген жоқ па едің? Енді өзгере қалдың ба аяқ астынан? Кеше жегеніңді бүгін жемейтіндей не болды саған ал қане же?» деп әлгі табақты алып келгендер айналап қоршап, қаумалайды. 
Иә, солай болған. Ол әрине әулие ғой. Ойынан байқаусыз өткеннің өзіне Алладан аян беріліп ескертілуде. Иә, әулиелер солай болса, біздің халіміз нешік? Мына парақшаларда қаншама қазан қайнатылып жатыр десеңізші! Уәссәләм.

http://mazhab.kz сайтынан алынды

ғайбат, Мұхитдин Исаұлы, үлкен күнә, жүрек дерті
Достықбек АдалбекДостықбек Адалбек
10 жыл бұрын 6295
2 пікір
  • Естен шығармай, ескеріп жүретін дүние екен. Алла разы болсын!
    10 жыл бұрын
  • Осы уақытқа дейін біреудің кемшілігін біреуге айтсаң сол ғайбат деп жүрген екенбіз ғой. Шынында оймен жасалған ғайбат та күнә екен ғой иә. Түсіндім. Алла разы болсын!
    10 жыл бұрын
Блог туралы