Үй болудың сабақтары
Үй болудың сабақтары

Асылбек Әуезханұлы

2-сабақ

Сана-сезім мен жүректі көңіл кірінен тазалау.

Қазіргі таңда отау тіккен көптеген ерлі-зайыптылар үйлерінде бақыттың, өзара жылудың жоқтығын айтып шағым жасайды. Сол бақытсыздықтың бірден-бір себебі – ері мен әйелдің біріне-бірі кешіріммен қарай алмай, араларында өшпенділік, кек сақтауы болса керек. Ал, негізінде, кешірімділік – отбасы шаттығы үшін ең маңызды құндылықтардың бірі.
Қасиетті Құранда: «Әй, мүміндер! Сөзсіз әйелдеріңнен, балаларыңнан өздеріңе дұшпан болатындар да бар. Егер оларды кешірім етсеңдер, шығыссаңдар, жарылқасаңдар, кешірсеңдер, шексіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді.» («Тәғабун» сүресі, 14-аят)
Бүгінгі сабақты бастамас бұрын ең алдымен, жақсылап санамыз бен жүрегімізді тазалап алайық. Өткен күндердің рухани шаң-тозаңы мен көңіл кірінің үстіне таза нәрсе құрау қиын.
Жаратушымыз кешірімді болуды ұлы Кітабында бізге әмір етті.  Жұбайларға қаратып айтқан «Кешірім жаса, кемшіліктерін іздеме және кешірімді бол» деген ескертуіне құлақ асуымыз керек-ақ. Әрине, Жаратушымыздың бізді кешіруін қаласақ.
Сүйікті пайғамбарымыз хадистерінің бірінде: «Мұсылман кек сақтамайды» деген. Хазреті Айша бір күні пайғамбарымыздан өзіне дұға үйретуін сұрайды. Пайғамбарымыз «Жүрегімде біреуге деген кек қалдырма» деп дұға етуге кеңес береді.
Бұл дүние - сынақ. Бәріміз сынақтамыз.  Сынақ бір-біріміз арқылы жүзеге асады, яғни өзара қарым-қатынасымыз арқылы сыналамыз.
Кек – сүйіспеншіліктің ең үлкен дұшпаны, екеуі бір жерге сыйыса алмайды. Кекшілдік – көңіл кірі. Сол себепті, адам одан тазаланып, арылмаса болмайды. Өткеннен қалған дау-дамай бүгінгі күн мен болашақты быт-шыт етіп күйретеді. Сондықтан да, Жаратушымыз «Кешірімді бол» дейді.
Өткен нәрсе өтті, кетті. Өткенді қазбалағаннан, қозғағаннан пайда жоқ. Кешегі қателіктерден сабақ алып, болашағымызға сеніммен қарау өте маңызды.Өзгеге Кек тұту – тағдырға қарсы шығумен тең. Айналамызда болып жатқан оқиғалар себеп қана. Асылы, осылардың түп-негізі – Жаратушыны ұмытқаннан келіп шығады. Дұрысы – Жаратқанға тәуекел ете отырып, тағдырға сену. Пайғамбарымыз: «Тағдырға сенген – қайғы-қасіреттен аман болады», деген. Бітпейтін реніштер -   иманымыздағы кемшіліктердің көрсеткіші. Пендеміз, біреуге ренішті кезіміз болады. Ондай жағдайда дұрысы – ренішті үлкен мәселеге айналдырып, қолдан үпіріп, ісіртпеу.
Бір жаманшылық көргенде нені басшылыққа алып, қалай әрекет етудің сара жолын Жаратушымыз анық көрсетіп береді.
«Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сенімен араңда дұшпандығы бар кісі, өте жақын достай болып кетеді. («Фуссиләт» сүресі, 34-аят)

Жұбайымызбен арамызда сүйіспеншілік жоғалса не істейміз?

Жаратушы иеміздің :«Жақсы қарым-қатынаста болыңдар, дұшпандықтарыңды сүйіспеншілікке айналдырам» деген уәдесі бар. Қандай керемет уәде!

Басыңыздан қандай қиыншылық өтсе де, оны отбасылық өмірге араластырмай, барлығын санаңыздан өшіріп, бүгіннен кейінгі өміріңізге тап-таза жаңадан бет ашыңыз.   Жұбайыңыздың бұған дейінгі барлық қателік, кемшіліктерін кешіріңіз. Мұны оған білдірмей-ақ іштей жасаңыз. «Кешірдім» дегенді сырттай айтып, «қателік сенде» дегендей теріс түсінік пайда болуына жол бермеген жөн. Іштей кешіріңіз де қойыңыз.
Өз қателіктеріңіз үшін жұбайыңыздан кешірім сұрауды ұмытпаңыз.
Кешірім сұраудың ең нәзік жері – алдымыздағы кісіні кінәламастан кешірім сұрау. «Мен осындай қателік жібердім, бірақ сен сөйттің, мен сол үшін осыны жасауға мәжбүр болдым» , «Мен солай айттым, себебі, сенің туысқандарың маған былай жасады, мен сондықтан осылай жауап қайтардым» т.с.с отбасы мүшелерімен болған жағдайды қазбалау – тек қана жаңа ұрыс-керіс пен реніштен  басқа ештеңе әкелмейді. Дұрысы, ешкімге кінә тақпастан кешірім сұраңыз. Осы орайда, «Кішіпейіл болғаннан кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғанмен ұлылыққа жетпейсің» деген даналарымыздың сөзін есіңізде сақтағайсыз. Сіз кешірім сұрадым екен деп, жұбайыңыздың да бірден кешірім сұрауын күтпеңіз. Өзіңіз шын ықыласпен кешірім сұрасаңыз болғаны.
Әйел мен еркектің кешірім сұрау тәсілі бір-біріне ұқсамайды.Әйелдер – сезімтал жандар, кешірім сұрағанда сезімге әсер ететін сөздерді таңдайды. Ер адамдардың психологиясында кешірім сұрау әлсіздік сияқты қабылданғандықтан, олар кешірім сұрау орнына өкінгендерін іс-әрекеттерімен көрсетуді таңдайды. Кешірім сұраса да, құрғақ сөздермен және түк болмағандай, әдеттегі нәрсе айтып тұрғандай мінез көрсетеді. Бұл әрекет әйелдерді қанағаттандырмауы мүмкін. Әйелдер өздері сияқты нәзік сөздерге толы сезімге әсер ететін кешірімді күтеді. Күткендерін ести алмағандықтан, болмашыға ренжиді. Сондықтан әйелдер ерлерінің өзіне деген қарым-қатынасын дұрыс түсінуге тырысуы керек.

Кешірімді болу - өткеніңізді қайтара алмас, бірақ болашағыңызды өзгертеді.   

Басқаларға деген реніш пен ашуды ұзақ уақыт бойы ішке сақтап, жинай беру – имунитетті әлсіретіп, рак ауруына шалдықтыратыны тағы бар. Үнемі өзімізді немесе басқаларды сынап-мінеу, кінәлау – ревматизмге, кешірім сұрамау – ракқа себепші екендігін білдіретін деректер кездеседі.
Бойымыздағы ауруды тудыратын көбінесе - өзіміз. Бір зерттеуде, бірдей ауруға шалдыққан науқастар  екі топқа бөлінеді. Олардың ауру дәрежесі де бірдей екен. Бір топқа кешірімді болудың маңызы туралы сабақ өтіледі. Екінші топқа бұл туралы ешнәрсе айтылмайды. Нәтижесінде, қалай кешірімді болуға болатыны үйретілген аурулар қысқа уақытта ауруларынан құлан-таза айығып кеткені байқалған. Сондықтан өткенімізді біржолата ұмытып, баршаға кешірімді болған жөн.

Өзімізді кешірімді болуға үйрету үшін мынадай жаттығуды ұсынамыз.

Тыныш бір бөлмеге кіріңіз. Көздеріңізді жұмыңыз, бәсең дауыспен төмендегі сөйлемді қайталаңыз. Бос тұрған жерге кешіргіңіз келген адамның атын қойыңыз. «Кешіргім келген кісі Пәленшетегі Түгенше. Алла разылығы үшін оның барлық қателіктерін кешіремін. Осы жаттығуды 5-10 минут бойы қайталаңыз. 

http://mazhab.kz сайтынан алынды 

жақсы әйел, Үй болудың сабақтары, жақсы күйеу, салихалы жар
Достықбек АдалбекДостықбек Адалбек
9 жыл бұрын 6031
0 пікір
Блог туралы