Әрбір қыз бала – болашақ ана. Қазақ халқы бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен нәзік жандыларды қашанда жоғары қойып, қадірлей білген.
Алайда, бүгінгі таңда осы қасиетке кір келтіріп, жаман атқа бой беріп жүрген аруларымыз да жоқ емес. Солардың қатарына – өмірлерінде опық жеп, жүрістерінде қате жіберген қыз балалар мен кейбір аналардың жасанды түсік жасатуы заман дертіне айналып отыр.
Әрине, мұндай қадамның әрі күнә, әрі ана атану жолында айықпас дертке әкелер зиян екендігін бірі ұқса, бірі ұға бермейді. Бір күндік ләззат үшін болашақ өмірін қор қылумен қатар, кешірілмес күнәға батып жатқанын білсе қанеки. Себебі, адамзаттың абзалы болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Өз балаларыңды бағып-қағудан қорқып, ризығын тауып беруді қиынсынып, оны өлтірмеңдер» деген. Яғни, шалыс басқан қарындастарымыз былай тұрсын, өмірлік жары бар, бүтін отбасының түтінін түтетіп отырған кейбір келіншектеріміз де заманды сылтауратып жасанды түсік жасататыны да аян.
«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демей ме атам қазақ, әрбір баланың өзіндік несібесі бар екенін, жаратқанның өмір берген пендесіне ризығы да болатынын олар біле тұра ескермейтіндей. Осы нәзік жандылардың некесіз бала көтеріп, құрсағындағы шарананы жасанды түсік жолымен алып тастап жатқаны, әрине орны толмас қасірет. Себебі, сол қыздарымыз, біріншіден, некесіз қатынасқа барып күнә жасаса, екіншіден, бойға біткен шарананы жасанды түсік жолымен алдыру арқылы тағы да ең үлкен күнәға жол ашуда.
Құранда айтылғандай: «Бейкүнә бір адамды өлтіру - күллі адамзатты өлтіргенмен тең болады» деген сөз бар. Періштедей бүлдіршіннің, дүние есігін енді ашқалы тұрған шарананың өмірін қию мұсылмандыққа әсте жатпайды. Адам өлтіру былай тұрсын, малды қорқытудың өзі Исламға қайшы. Сойылатын малдың көзіне пышақты көрсетіп қайрамайтындығын ата-бабаларымыз жақсы білген.
Демек, ұлт болашағы, ұрпақ жалғасы болған қыздарымыздың бой үйретіп жатқан «некесіз қатынас», «жасанды түсік жасату» мәселесіне мұсылман баласы бей-жай қарауға тағы болмас. «Қызым үйде, қылығы түзде» дегенді саналарына сіңірген ата-бабаларымыз «қызға қырық үйден тыйым» жасауды да білген. Бұл дегеніміз отбасындағы қыз бала тәрбиесіне аса мән беру керек деген сөз. Ислам дінінде жасанды түсік жасатуға түбегейлі тыйым салынады. Тек бір ғана жағдайда рұқсат етіледі. Егер өмірге сәби әкелу барысында ана денсаулығына сондай қатер төнсе ғана баланы алдыртуға болады.
Негізінде, ана құрсағындағы сәбиге Алланың қалауымен жан беріледі. Жан берілгені демек, ол тірі жан болып есептеледі. Ол кезде оны алдыртуға мүлдем болмайды, оны алдырту ең үлкен күнә болып саналады.
Қазіргі күні кейбір дәрігерлер түсік жасатуды жасырын саудаға, табыс көзіне айналдырса, ал, қыздар жағы, кейде олардың ата-аналары «баланы алдырып таста» деп күнәлі іске итермелеуде. Әрбір ата-ана балаларына кішкентай кезінен күнә, обал, сауап дегендерді үйретіп, түсіндіргенде, мұндай күнәларға тап болмас еді.
Ер мен әйелдің отбасын құрудағы негізгі мақсаты - ұрпақ қалдырып, мұсылмандардың санын көбейту үлкен сауапты амал болып саналады. Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) хадис шарифінде: «Үйленіңіздер, көбейіңіздер, нәсіл таратыңыздар. Мен сіздердің көптіктеріңізбен басқа үмбеттер қасында мақтанамын», - деп үмбеттерінің көбеюін насихаттаған.
Ислам дінінде себепсізден себепсіз дүниенің есігін ашқалы тұрған сәбидің өміріне түрлі амалдар арқылы балта шабу харам амал және үлкен күнә. Жаратылыс нышандары айқын көрiнiп тұрған баланы алдыру — қылмыс деп есептесек те артық емес.
Олай болса, осы белең алған қылмыстың алдын алып, күнәға батпай, сауапты амалдарымыз мол болсын.
Талғат Нұрман,
Қызылорда қалалық «Ыбырайым молда» мешітінің найб имамы