Бақытты шаңырақ сырлары. 1- сыр: Ықылас-ниет пен талап
Бақытты шаңырақ сырлары. 1- сыр: Ықылас-ниет пен талап

 Айналамызда босағасы берік отау құрып, бақытты тұрмыс кешіп жатқан  жұптар қаншама. «Ата көрсеткен жолымыз бір, ана тіккен тонымыз бір» демекші, ата-әжелеріміздің бұрыннан бұзылмай келе жатқан үлгілі өмір-тәжірибелерін көз алдымыздан бір өткізіп шығуды жөн-көрдік.

  Дана халқымыз «ақыл-ауысты, ырыс-жұғысты» дейді емес пе, бізге де солардың басында болған бақ-береке мен бірлік-ынтымақ жұғысты болса екен деген тілектеміз. 
  Сонымен, отбасылық өмірде кездесетін қиындықтарға қарсы тұра білу үшін қандай амал-әрекеттер жасауға тиіспіз?
  Мәшһүр Жүсіп  бабамыз «Не нәрсе талаптансаң табылады», - дейді. Талаптану дегенді бір іске ниет ету деп түсінсек те болады. Ендеше, жақсы өмір сүріп, бақытқа қол жеткізу үшін ең алдымен шын ниет пен талап қажет. Ниетсіз, талапсыз бақытты бола қаламыз деу бос әурешілік қана. Дініміз Исламда мұсылманның ең асыл қазынасы – оның ниет-ықыласы саналады. «Әрбір іс ниетпен жасалады және әрбір іске сол ниетке қарай қарымтасы беріледі» деген хадистің әрбір шаңыраққа берері мол. Олай болса, ерлі-зайыптының әрқайсысы өз ұяларының жылы, отбасының берекелі, өмірлерінің мәнді өтуіне тастай бекем ниетпен кірісуі ауадай қажет. Жатса, тұрса осы ниеттен айнымауы керек. Осы ретте, осындай нәтижеге жеткізетін ниет пен ықылас деген не, соны айта кетейік. Ықылас деп жасаған әрбір ісімізде, сөйлеген әрбір сөзімізде заттық немесе рухани пайда көздемей, тек қана Алланың разылығы үшін атқаруды айтамыз.
  Ендеше, отбасындағы ниетіміз: «Уа, Алла Тағалам! Сенің ғана разылығың үшін отбасын құрдым. Сенің ғана разылығың үшін осы жанұямда кездесетін барлық түйткілдерге шыдап, ақыретте де осы отбасыммен бірге жұмағыңда шалқуды қалаймын» деген мазмұнда болғаны дұрыс. Осы бір ниетке берік болып, отбасымыздың берекелі болуына талаптанған әрбір шаңырақ екі дүниеде бақытты болары даусыз.
  Жаратқан Ием баршамызға берекелі шаңырақ нәсіп етсін.

www.mazhab.kz сайтынан алынды.

 

Достықбек АдалбекДостықбек Адалбек
2 года назад 656
0 комментариев
О блоге